Кері қайту
Альбумин

Нәруыздың бір түрі, негізгі қызметі өмірге маңызды заттарды тасымалдаудан тұрады. Альбумин қан ағысымен гормондарды оларды өндіретін бездерден нысана мүшелерге тасымалдайды. Олар холестерин, билирубин алмасуына қатыса отырып, олармен байланысады. Дәрі-дәрмектерді, дәрумендерді, катиондарды (кальций, магний) тасымалдайды.

Альбуминдер 80% онкотикалық қан қысымын жасайды, яғни қанның сұйық бөлігі қан тамырларының қабырғалары арқылы ағып кетпейтін жағдайлар жасайды. Осы онкотикалық қысым төмендеген кезде (альбуминдер санының азаюы) «ашыққан» ісіну пайда болады, яғни сұйықтық көп мөлшерде көк тамырдан ұлпааралық кеңістікке шығады.

Альбуминдер - біздің ағзамыздың барлық жасушаларын құрайтын аминқышқылдардың қоры болып табылады.

Альбуминдер келесі жағдайларда төмендеуі мүмкін:

  • Ұзақ уақыт ашыққан кезде (нәруыздар тамақ арқылы түспейді, ал қорда бары ағзаның қажетіне жұмсалады)
  • Шамадан тыс жоғалту нәтижесінде (күйік, бүйрек аурулары, қант диабеті)
  • Шамадан тыс тұтыну кезінде (онкологиялық аурулар, өйткені қатерлі ісік нәруызды көп мөлшерде «жұтады»)
  • Ағзада нәруызды өндіру бұзылған кезде (бауыр аурулары)
  • Нәруыз сіңірілуінің бұзылу кезінде (ішектің қабынуы)
  • Нәрестелерде бауыр жасушаларының жетілмеген кезінде (біріншілік гипоальбуминемия)

Альбуминдердің артуы аса сирек кездеседі және салыстырмалы түрде – плазманың ауқымды сұйық бөлігін жоғалтқан кезде (холера, күйік) қанның қоюлануы жүреді. Зертханалық түрде альбумин концентрациясының артуымен байқалады.