Кері қайту
Созылмалы бүйрек ауруы: Көрінбейтін, бірақ елеулі қауіп

Созылмалы бүйрек ауруы (СБА) Қоғамдық денсаулық пен экономикаға үлкен қауіп төндіре отырып, бүкіл әлем бойынша күннен күнге кең таралып жатқан ауру болып табылады. Бұл бүйрек бірте-бірте өз функциясын жоғалтатын және көптеген жылдар бойы баяу, кейде тіпті ерте кезеңдерде байқалатын белгілерсіз дамитын жағдай болып табылады.Дегенмен, егер оны уақытылы анықтамаса және бақыламаса, бұл бүйрек жеткіліксіздігі мен жүрек-қан тамырлары ауруларын қоса алғанда, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін.

Мәселе сандармен

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде 840 миллионға жуық адам созылмалы бүйрек ауруымен (СБА) ауырады. Қазақстанда әрбір оныншы тұрғын бұл ауруға шалдығады, бірақ жетеуінің біреуіне ғана СБА диагнозы қойылады. Бүгінгі таңда бүйрек трансплантациясына кезекте 3600-ге жуық қазақстандық, оның ішінде 80-нен астам бала тұр.

Себептері мен қауіп факторлары

Қант диабеті, күретамырлы қысымның көтерілуі және семіздік СБА-ның негізгі себептері болып табылады. Генетика, қабыну аурулары, жаман әдеттер және токсиндердің ұзақ әсер етуі сияқты басқа факторлар да СБА даму қаупін арттыруы мүмкін.

Диагностикалау және емдеу

Созылмалы бүйрек ауруын (СБА) зертханалық диагностикалау үшін бүйрек қызметін, креатинин деңгейін және басқа да маңызды өлшемшарттарды анықтауға мүмкіндік беретін бірнеше негізгі тесттер қолданылады:

  • Қандағы креатинин: Бұлшықет тінінде пайда болатын зат алмасу өнімі креатинин әдетте бүйрек арқылы шығарылады. Қандағы креатинин деңгейінің жоғарылауы бүйрек функциясының нашарлауын көрсетуі мүмкін, өйткені бүйрек оны ағзадан шығара алмайды.
  • Шумақтық сүзілу жылдамдығын (ШСЖ) бағалау: Бұл тест бүйректің қанды қаншалықты жақсы сүзетінін бағалауға мүмкіндік береді. Ересектерде шумақтық сүзілу жылдамдығын есептеу үшін CKD-EPI формуласы, ал балалар үшін Шварц формуласы қолданылады. Қалыпты ШСЖ шамамен 90-120 мл/мин/1,73м² құрайды.
  • Несептегі альбумин-креатинин арақатынасы: Бүйрек зақымданған кезде, несептегі альбумин деңгейі жоғарылауы мүмкін, бұл СБА ерте белгісі болуы мүмкін. Бұл тест көбінесе протеинурияны анықтау үшін қолданылады.
  • Қандағы электролиттерді (натрий, калий және басқалар) өлшеу: СБА ағзадағы электролит теңгерімінің бұзылуына әкелуі мүмкін, сондықтан олардың қандағы деңгейін өлшеу бүйректің жай-күйін бағалау үшін маңызды.

Бұл тесттер дәрігерлерге бүйрек қызметін бағалауға және СБА бар-жоғын немесе дамуын анықтауға мүмкіндік береді. Зертханалық зерттеулердің нәтижелері тиісті емдеуді таңдау және жүргізілетін емдеудің тиімділігін бақылау үшін де қолданыла алады.

СБА құралнамалық диагностикалау:

  • Бүйректі ультрадыбыстық зерттеу (УДЗ);
  • Компьютерлік томография;
  • Магниттік-резонанстық томография (МРТ);
  • Контрастты заттарды енгізумен рентгенография:

Емдеу аурудың дамуын бәсеңдетуге, белгілерін бақылауға және асқынулардың алдын алуға бағытталған. Бұл дәрі-дәрмектерді, өмір салтын өзгертуді және кейбір жағдайларда тіпті диализді немесе бүйрек трансплантациясын қамтуы мүмкін.

Сын-қатерлер мен перспективалар

Медицина СБА-ны диагностикалау мен емдеуде айтарлықтай жетістіктерге жеткенімен, бұл мәселе денсаулық сақтау үшін әлі де қиындық тудырады. Тәуекел факторлары мен алдын алу әдістері туралы денсаулық сақтау мен қоғамның білімге қолжетімділігін жақсарту бұл аурудың таралуын төмендетуде шешуші рөл атқаруы мүмкін.

Қорытынды

СБА медициналық қоғамдастық, қоғам және мемлекеттік құрылымдар тарапынан кешенді тәсілді талап ететін денсаулық сақтаудың күрделі мәселесі болып табылады. Ерте диагностикалау, қоғамға білім беру және қолжетімді емдеу үшін ресурстармен қамтамасыз ету - СБА-ның халық денсаулығына әсерін азайтудың негізгі қадамдары.